Катонқарағайда қазақ күресінен облыстық ашық турнир өтті. Дүбірлі додаға 80-ге жуық жасөспірім қатысып, 8 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. 

Жарыста бағын сынауға келгендердің бірі Санжар Маратұлы. Зайсан өңірінің өкілі алғашқы айналымнан сүрінбеді.

Жарысқа 2008-2009 ж дүниеге келген жастар жиналған. Олардың әрқайсысы бұған дейін талай осындай жарысқа қатысып, жеңіс тұғырынан көрінгендер. Сондықтан Катонқарағай ауданында ұйымдастырылған спорттық сайыста бәсекелестік жоғары болды.

Аталмыш турнир облыстық қазақ күресі федерациясының қолдауымен бірінші рет өткізілді. Жарыстың екінші бөлімінде 70 және +90 кг салмақта өгіз палуан мен түйе палуан атағына ересектер белдесті.

Жарыс Катонқарағай тумасы, белгілі спорт шебері Сергей Ахметовты еске алу мақсатында өтті. Жас кезінде самбодан спорт шебері атанған азаматтың есімі ел арасында кеңінен танылған.

Сергей Ахметовты еске алуға арналған жарысқа палуанның алыс-жақыннан туыс-туғандары мен достары келді. Оның бозкілемдегі белдесулері мен игі істерін айтып еске алды.

Жарыс барысында өңірдің белгілі бапкерлері мен еңбек сіңірген спорт шеберлері марапатталды. Ал жеңімпаздарға Сергей Ахметовтың ұлдарының демеушілігімен қаржылай сыйлықтар, диплом және медальдар табысталды.