Елде жанарынан жарық тайған азаматтарға барынша қолдау көрсетіліп келеді. «Ақ таяқ» халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай Өскеменде «Жан жылуы» атты концерт ұйымдастырылды.Шараның өтуне облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы мұрындық болды.

Айтулы күннің тарихы 1921 жылдан басталады. Көру мүмкіндігінен айырылған ағылшындық Джеймс Бигс есімді азамат көшедегі кәдімгі таяқ ұстаушылардан ерекшелену үшін қолындағы таяғын ақ түске боятқан екен. Қазіргі күні ақ түсті таяқ әлем бойынша зағип жандардың белгісі саналады.

Мерекелік концертті қалалық №3 орта мектебі мен №19 қосымша білім беру орталығынан келген өнерпаздар ұйымдастырды.

Зағип жандар шараны ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді. Көңіл сергітер кеш, ән-биге ұласты.

Бұдан бөлек, шарада «Қолыммен сеземін» кітап көрмесі көпшілікке таныстырылды. Сөреге көру қабілеті нашарлаған мүгедек жандардың өмірі, жетістіктері мен көз ауруларын емдеудің алдын алу тақырыбындағы кітаптар қойылды.