Риддерліктер де балаларды қорғау күнін атап өтті. Кеншілер қаланың кішкентай тұрғындары «Таланттар шеруі» атты балалар фестивалінде ән әйтып, би билеп, сурет салу сынды түрлі байқауларға қатысты. Орталық алаңға жиналған балғындар бұл күні бар өнерін ортаға салды. Ауқымды мерекелік бағдарлама балдырғандар бастамасымен жүзеге асты. Ашық аспан астындағы сахнада театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды.
Республика алаңына жиналғандардың қарасы қалың. Қаладағы 15 мектептен келген оқушылар үлкен флешмобқа қатысып, салтанатты шеру арқылы өздерінің белсенділігін көрсетті. Оқу озаттары, спортта, қоғамдық жұмыстарда ерекше көзге түскен оқушылар марапатталып, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. «Таланттар шеруі» атты балалар фестивалі аясында кішкентай бүлдіршіндер назарына түрлі бағдарлама ұсынылды.
Ал, Риддер қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаев балаларға алғысын білдіріп, денсаулық, амандық, оқуда табыс және жазғы демалысты жақсы өткізуге тілектестік білдірді.
«Таланттар шеруі» байқауы осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Мерекенің сәнін ән мен биден шашу шашқан жас өнерпаздар келтірді. Олар өздерінің вокалдық және хореографиялық шеберліктерін көрсетті. Шара барысында балақайларға тегін балмұздақ таратылды. Мерекелік концертке келген тұрғындардың көңіл-күйлері тамаша.
Балалардың қуаныштан бал-бұл жанған жүздерін көру үшін қандай еңбектің де артығы жоқ. Себебі, бала – көңілдің нұры, көздің қуанышы, өмір жалғасы. Айналасын тек жақсылықтан тұратынын жүрек көзімен көретін балалар – өмірдің мәні.