Бүлдіршіндердің мерекесін өскемендіктер де жоғары деңгейде атап өтті. Борис Александров атындағы спорт сарайында «Flash» би студиясының 25 жылдығына орай ерекше шара ұйымдастырылды. Айтулы кешке «Казцинк» компаниясы қолдау көрсетті.

Мерекелік кеш барысында балалар ертегі әлеміне саяхат жасады. Сүйікті кейіпкерлермен суретке түсіп, түрлі ойындарға қатысты. «Flash» би студиясы керемет кештің көркін қыздырды.

Сахнада күрделі элементтерді еркін орындаған жас өнерпаздардың әр қимылы артында кәсіби ұстаздардың үлкен еңбегі жатыр.

Шара аясында балалар түрлі сайыстарға қатысты. Интерактивті ойындар мен кішігірім байқаулар ешкімді бей-жай қалдырмады. Мерекелік кеш ата-аналардың да көңілінен шықты.

Мұндай ауқымды шараға алғаш рет жыл үздіктері мен олимпиада жүлдегерлері арнайы шақырылды. Олар оқу жылын ерекше форматта қорытындылады.