1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің дарынды оқушыларымен кездесті. Салтанатты шараға республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, білім, спорт және шығармашылық салаларында жетістікке жеткен оқушылар қатысты.
Аймақтың жас дарындары биыл халықаралық және республикалық зияткерлік олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетіп, 185 медальды қанжығаға байлаған. Өңір оқушылары үшін биылғы оқу жылы жемісті болғаны сөзсіз. Кездесу барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов білімді ұрпақ - ел болашағы, екенін атап өтті.
Республикалық жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер олимпиадасының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының құрамасы «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясында республикалық деңгейде үздік үштікке енді. Ал ауыл мектептерінің оқушылары арасында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада өңір жастары жаратылыстану-математика бағыты бойынша үздік нәтиже көрсетіп, көш бастады.
Жас зерттеуші Назар Щетников бала кезінен ғылымға әуес. Ол қазірдің өзінде «Зерде» республикалық зерттеу және шығармашылық жобалар байқауының жеңімпазы атанып үлгерген.
Облыс әкімімен өткен кездесуде жас дарындарға алғыс хаттар мен қаржылай сертификаттар табысталды. Марапат иелерінің арасында Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Айназ Мырзабек те бар. Ол республикалық Қанипа Бітібаева атындағы олимпиаданың екі дүркін жеңімпазы.
Республика алаңында ұйымдастырылған мерекелік шара балаларға арналған интерактивті ойынға, концерттік бағдарламаға ұласты.