Маусымның екінші жексенбісі – мал бағушылар күні. Кәсіби мереке қарсаңында өңірде тұңғыш рет «Үздік омарташы» байқауы өтті. Шарада ара бағудың қыр-сыры мен бал шайқаудың әдіс-тәсілдері айтылды. Республикада 12 мың омарташы ресми тіркелсе, соның 60 пайызы шығыстың үлесінде.

Қатысушылар өнімдерінен бөлек өздерінің қол жеткізген жетістіктерін таныстырып, өзара тәжірибе алмасты. Мақсат – еліміздегі омарташылықты дамытып, мемлекет тарапынан қолдауға жол ашу. Тоқымдай жері тоқсан түрлі гүлге толы шығыста бал арасының бабын үйрететін мектеп жоқтың қасы. Біліктілікті арттыруға бағытталған шарада бал өндіру саласын заманауи технологиялармен жетілдіру жағы баса назарда болды.

Департамент өкілі биылғы ақпанда Еуропалық одақ қазақстандық өндірушілерге өз өнімдерін Еуропа нарығына экспорттауға ресми түрде рұқсат бергенін атап өтті. Енді Алтайдың құнарлы табиғи балы кәрі құрлыққа жол тарта бастайды. Өнімін өткізе алмай отырған шаруаларға бұл жағымды жаңалық болды.

Шара соңында әділқазылардың шешімімен 45 жылдан бері бал шайқап отырған Игорь Свиринский жеңіске жетіп аймақтың үздік омарташысы атанды. Ардагер арашы бүгінгі таңда 400 ұя ұстап отыр.