Ақжар ауылында Жаңа аллея ашылды. Салтанатты рәсімге жиналған халықтың қарасы қалың. Балалар ән шырқап, би билеп, жиналған жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шараға арнамыздың түсірілім тобы да арнайы барып, қуанышты сәттің куәсі болды.

Ақжар ауылында жаңа отбасылық демалыс саябағы ашылды. Ашық аспан астындағы аллеяда балалар мен ересектерге жайлы демалу үшін барлық жағдай жасалған. Тұрғындар мұнда таза ауада серуендеп, бос уақыттарын тиімді өткізе алады. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Дархан Жөргекбаев, халықтың игілігі үшін аянбай еңбек ететінін атап өтті.

Аудан орталығы мен шалғай ауылдардан арнайы келген қонақтар жаңа аллеяның ашылу салтанатына қатысты. Тұрғындардың айтуынша, бұл демалыс орны ауыл өміріне жаңа серпін беріп, жастар үшін қолайлы әрі жайлы орынға айналады.

Жаңа саябақтың құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Жобаның жалпы құны 212 млн. теңге.

Саябақ аумағында орналасқан стадион да жаңартылып, 300 орындық трибуна орнатылған.

Жаңа аллеяның кешкі көрінісі ауданға ерекше сән беріп, көздің жауын алады. Халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған осындай жобалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Ақжар ауылындағы өзгерістер – бірлік пен берекенің, жүйелі жұмыстың көрінісі.