Облыс орталығындағы №1 қалалық емханада аймақ үшін маңызды жаңа орталық ашылды. Бұл – даму және ерте араласу орталығы. Жаңа кешеннің мақсаты – балалардың дамуындағы ауытқуларды ерте анықтап, уақытылы медициналық көмек көрсету.

Орталықтың ашылу рәсіміне облыстағы білікті медицина қызметкерлері, басқарма басшылары мен қала тұрғындары қатысты. Орталықта мультидисциплинарлық топ жұмыс істейді. Педиатрлармен қатар сурдолог, ЛОР, невропатолог, эндокринолог сынды бейінді мамандар бірлесе қызмет етеді. Бұл – сапалы диагностика мен медициналық қызметтің өсуі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мырзабекова бұл жоба Денсаулық сақтау министрлігінің бағдарламаларын іске асыру аясында жүзеге асқанын атап өтті.

Ана мен баланың денсаулығына қамқорлық танытуда жаңа орталықтың үлесі зор. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мырзабекованың айтуынша, енді бұл тәжірибені өңірге қарасты аудандарында да жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Жаңа орталық – ана мен бала денсаулығын нығайтуға бағытталған кешенді шаралардың бастамасы.