Катонқарағай – табиғаттың тамаша тартуы. Шығыс Қазақстанның інжу-маржаны аталған бұл өлке еліміздің ең көрікті туристік бағыттарының бірі. Көк тіреген биік таулар, қалың орман, тасыған өзен кімді де болса баурамай қоймайды. Табиғатпен тілдесіп, жан тыныштығын табамын дегендерге таптырмас мекен. Соңғы жылдары өңірде туризм қарқынды дамып келеді. Жаңа демалыс орындары, экологиялық бағыттар мен этнотуризм жобалары іске қосылуда. Демалушыларды орналастыратын нысандар саны артып келе жатқаны қуантады.
Алтай – бір көріп қана кететін емес, қайта айналып соғатын мекен. Содан болар мұнда келетін адам саны күннен күнге артып келеді. Өткен жылы ауданға 150 мың турист келді. Бұл 2023 жылдың көрсеткішінен 33%-ға жоғары. Әсіресе, шетелдік қонақтар көп. Туристік нысандардың деректері бойынша көктем басталғалы келушілер саны күрт өскен. Жаз басталмай брондау орындарының жартысына жуығы алдын ала тапсырыс бойынша алынып қойған. Ауданда 1385 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, оның ішінде туризм саласында – 108 субъект, бұл жалпы санының 7,8%-ын құрайды.
Жылы қабылдау, сапалы қызмет пен қызықты бағдарлама. Мұның бәрі аудан туризмінің болашағын айқындайтын шаралар. Катонқарағайда экотуризм, этнотуризм сияқты бағыттар қарқынды дамып келеді. Жергілікті жұрт бұл бағытта кәсіптерін ашуда. Айта кетейік, аудан өткен жылы ғана «ITB Berlin 2024» халықаралық көрмесінде «Өркендеген қауымдастық» номинациясы бойынша 3-орынды иеленді. Бұл, жергілікті билік өкілдері мен кәсіпкерлердің туризм саласын мықтап қолға алғанының бір көрсеткіші. Туристік маусым енді басталды. Аудан аумағында барлығы 2070 орындық 98 туристік нысан жұмыс істейді. Соның қатарын биыл толықтырып отырған «Алтай» қонақүйі. Иесі Алтай Құрмет – жергілікті кәсіпкер. Бұл жобаны туған өлке туризмін дамыту, ауданды таныту үшін бастағанын айтады. Жаңадан ашылған орын ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, өңір экономикасына да серпін береді.
Катонқарағай – отандық туризмнің болашағына жол ашқан бірегей өңір. Соңғы жылдары туризм саласына салынған инвестициялар мен жергілікті бастамалар арқасында аудан шетелдік және отандық туристер үшін тартымды бағытқа айналды. Өңірдің экотуризм орталығына айналып, халықаралық деңгейдегі туристік аймақ атануына әлеуеті жеткілікті.