Ақжар ауылының орталық алаңында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиында жас жеткіншектердің шығармашылығын қолдау мақсатында түрлі ән-би байқаулары мен сурет салу сайысы ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындары мен ата-аналар да балалардың өнеріне қолдау көрсетті. Елдің әр өңірінде өткен бұл мейрам бүлдіршіндерге ерекше шаттық сыйлады. Ал, Тарбағатайлықтар мерекені қалай қарсы алды? Тілші тарқатсын...
Бүлдіршіндерді қорғау күніне арналған бұл мерекелік шараға аудан орталығынан ғана емес, шалғай ауылдардан да арнайы келген қонақтар жиналды. Мерекелік думанға куә болған көпшілік балғындардың өнеріне көзайым болып, ыстық ықыласын аямады.
Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаевтың айтуынша Ауданда демалыс орындары, спорт алаңдары, білім беру мекемелері кезең-кезеңімен жаңартылып, жеткіншектердің жан-жақты дамуына жағдай жасалып келеді.
Тарбағатай ауданында 29 білім беру ұйымы бар. Биылғы оқу жылын 3880 оқушы аяқтап, балабақшаларда 352 бала тәрбиеленуде. Жергілікті оқушылар халықаралық, республикалық, облыстық сайыстарда 329 жүлделі орынды еншілеп, ауданның білім сапасының жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мерекелік шарадан көтеріңкі көңіл күй мен шаттықтың лебі сезілді. Көңілді әндер, түрлі жарыстар мен сыйлықтар - бәрі де бүлдіршіндердің мейрамын шынайы той-думанға айналдырды. Көпшілік мұндай игі бастамалар жиі өткізіліп тұрса деген тілегін білдірді.
Ауыл тұрғындары мерекелік шараға дән риза. Балалардың мейрамын бірге бөліскен жұртшылық, осындай игі істер туған жерге деген шынайы жанашырлықтың көрінісі екенін айтады. «Туған жерге туыңды тік» деген сөздің мәнін терең ұққан тарбағатайлықтар үшін бұл мереке - тек балаларға емес, тұтас ауылға ортақ қуаныш болды.