Өскеменде Өзбекстан Республикасының туристік әлеуетін таныстыруға бағытталған жиын өтті. Кездесу елдер арасындағы екіжақты қатынасты нығайтуды көздейді. Тараптар туризм саласындағы ынтымақтастықты белсенді дамыту жағын талқылады.

Туризм, сауда және инвестиция салаларын қамтыған форум аясында Өзбекстанның туристік әлеуеті таныстырылып, серіктестікті кеңейту жолдары қарастырылды. Шараға ШҚО әкімдігі өкілдері, елшілер, туроператорлар, кәсіпкерлер қатысты.

Бахтиер Ибрагимов, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

Шара аясында ШҚО туристік, әлеуметтік-экономикалық әлеуетімен жақынырақ таныстық. Бұдан бөлек, Өзбекстан Республикасының туризм, сауда және инвестиция салаларындағы мүмкіндіктері жөнінде ақпарат бердік.Қазіргі таңда екі ел, әсіресе шығыс қазақстанмен арада сауда-саттық айналымы жақсы жолға қойылғанын ерекше атап өткім келеді.Біз күнбағыс майы мен азық-түлік өнімдері жеткізіп келеміз. Екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайту басты мақсатымыз.

Өзбекстаннан келген делегация туристік бағыттар мен елдің тарихи орындары, әсем табиғаты жайлы бейнероликті көпшілік назарына ұсынды. Меймандар екі ел арасындағы сауда айналымын арттырып, құрылыс және азық-түлік тауарын жеткізу көлемін ұлғайту жолдарын қарастырды.

Тимур Жигитаев, облыстық туризм басқарма басшысының орынбасарының м.а.:

Бұл форум – Шығыс Қазақстанның инвестициялық және туристік әлеуетін кең көлемде таныстыруға арналған маңызды алаң. 23 шетелдік делегация келді. Мақсатымыз –елшілер арқылы біздің елдегі компаниялардың шет ел нарығына шығуға жол ашу.

Кездесу соңында тараптар өзара пікір алмасып, болашақ серіктестік бағыттарын айқындады.


Талант Тұрсынов