Тәжікстан астанасы - Душанбеде 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Орталық Азия волейбол қауымдастығының чемпионаты өткен болатын. Дүбірлі додаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан құрамалары қатысты. Бес кездесуде ұпай жоғалтпай, жеңіске жеткен Ұлттық құрама ойыншыларын жерлестері Өскемен әуежайынан күтіп алды.
Ұлттық құрама сапында Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушілері - Маргарита Вагнер, Сабина Сәрсенбекқызы, Азия Оралбаева, Томирис Құрмашева және Кира Касаткина өнер көрсетті.
Томирис Құрмашева, волейболдан Қазақстан U-16 құрамасының ойыншысы:
Ұлттық құрамаға ойыншыларды іріктеу Талдықорғанда ұйымдастырылды. Шығыс Қазақстан облысынан бес қыз қатыстық, соның төртеуі ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Душанбеде өткен жарыс жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Үш құрамамен кездесу өткіздік. Барлық ойындарды 3:0 есебімен жеңдік.
Азия Оралбаева, волейболдан Қазақстан U-16 құрамасының ойыншысы:
Жеңіс оңай келген жоқ. Қарсылас командалар тыңғылықты дайындықпен келген. Алайда,бізде аянып қалмадық. Жаттықтырушылардың ақыл-кеңесін, тапсырмасын орындап жеңіске жеттік. Бізге әрдайым қолдау көрсетіп, сенім білдірген жаттықтырушыларға үлкен алғысымды білдіремін.
Жас спортшылардың бұл жетістігі тыңғылықты еңбек пен мақсатқа жету жолындағы табандылықтың нәтижесі. Арманы асқақ волейболшылар турнирде атой салып, «Үздік ойыншы» атанды. Солардың бірі - Маргарита Вагнер. Оның әжесі Татьяна Вагнер немересінің әр ойнында қолдау көрсеткенін айтады.
Татьяна Вагнер, М.Вагнердің әжесі:
Қыздар жарады. Себебі, олар күн сайын таңғы бесте тұрып, жаттығуға кірісетін. Оқу мен жаттығуды қатар алып жүру әрине оңай емес. Бұл жолда түрлі кедергілер де кездеседі. Жарақат алып, ойыннан шет қалуың да мүмкін. Бірақ соған мойымай, аянбай тер төккен немереммен мақтанамын.
Жас спортшылар 2023 жылы дәл осы доданың жеңімпазы атанған болатын. Енді Ұлттық құрама сапында өнер көрсететін спортшылар Азия чемпионатына дайындықты бастайды.
Ислам Мұхамедуалиев, «Берел» волейбол клубының баспасөз хатшысы:
Осы жеңіс бүкіл шығыс Қазақстан үшін керемет нәтиже деп ойлаймын. Себебі, біздің волейбол қарқынды даму үстінде. Осыдан кейін қыркүйек айында бұл қыздарымыз Азия чемпионатына барады. Іріктеуден өтіп, мықты командалармен ойнап, Азия чемпиондары қатарына кірсе, әлем чемпионатына жолдама алады.
Халықаралық деңгейдегі бұл жарыстар жас спортшылар үшін тәжірибе жинап, кәсіби шеберліктерін шыңдауға, қарсыластарының қарым-қабілетін бағамдауға мүмкіндік береді.
Кәусар Идаятқызы