Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты танымдық кездесу өтті. Жиын барысында қатысушылар қуғын-сүргін жылдарында елге қоныс аударғандар жайлы тарихи деректермен танысты.
Шараға мәдениет саласының ардагерлері, өлкетанушылар, еңбек майталмандары, мектеп оқушылары мен қала тұрғындары қатысты. Жиында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үдерісінің қалай жүргені туралы баяндалды. Бүгінде мемлекеттік комиссия 311 мыңнан астам азаматты ақтаған.
Шара аясында қуғын-сүргінге ұшыраған жерлесіміз, бұрынғы Ұлан ауданының бірінші хатшысы Абдрахман Айдарбеков туралы деректі фильм көрсетілді. Бұдан бөлек, кітап көрмесі де ұйымдастырылды.
Шараға қатысушылар көрмені тамашалап, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар туралы мол ақпарат алды.