Үлкен Нарын ауылында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен облыс әкімдігінің көшпелі отырысы өтті. Кездесуде жылыту маусымының қорытындысы мен келер жылдың жоспары пысықталды. Бұдан бөлек, жаңа оқу жылы, оқушыларды қорытынды аттестациялауға даярлау, жолаушылар тасымалын субсидиялау мәселелері талқыланады.
Жиында аудан әкімі Елдос Байрахметов Үлкен Нарынның экономикалық және әлеуметтік даму барысы туралы баяндап, жылыту жүйесіне қатысты мәселе кешенді түрде шешілгенін айтты. Өңірдің туристік әлеуеті мен ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмады.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов ауданның әлеуметтік-экономикалы әлеуетін арттыру мақсатында Үлкен Нарын ауданның әкімі мен салалық басқармаларға нақты тапсырма берді.
Көшпелі отырыста білім саласындағы өзекті мәселелер мен жетістіктер де сарапқа салынды. 2024-2025 оқу жылында облыс бойынша 343 мемлекеттік мектепті 100 мыңға жуық оқушы тәмамдаған.
Көшпелі отырыс барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Үлкен Нарын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарды алғыс хатпен марапаттады.