Қазақстанға келетін туристер үшін жақсы жаңалық. Азаматтардың саяхаты барынша қауіпсіз әрі ыңғайлы болуы үшін енді оларға арнайы QR-коды бар туристік карталар беріледі. QR-кодты сканерлеген сәтте жолаушы Safe Travel порталына кіре алады. Порталда туристерге қажет мәліметтердің барлығы қамтылған.

QR-коды бар жаңа туристік картаның тиімділігін түсіндіру үшін облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі өкілдері Өскемен әуежайына барды. Олар қалаға енді ғана келген шетелдік меймандарға бұл жаңашылдықтың қалай жұмыс істейтінін толық түсіндірді. Мамандардың айтуынша, туристер көбіне жол қатынасына байланысты сұрақтар қояды. Енді мұндай сұрақтар шешімінің барлығы жаңа QR-карта арқылы қолжетімді, – дейді полицейлер.

Ринат Айдарбеков, ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары:

Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстанда жүрген шетел азаматтарының құқықтық қорғалуын арттыру мақсатында QR-коды бар туристік карталар берілуде. QR-кодты сканерлеген шетелдік азамат Safe Travel порталына кіре алады. Онда қауіпсіздікке қатысты нұсқаулықтар, полиция шақыруға арналған 102 мобильді қосымшасы, орналасқан жерін анықтау қызметі, байланыс операторлары, SIM-карта, такси сервистері мен өзге де қызметтер туралы мәліметтер жинақталған. Бұл ақпарат қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде қолжетімді.

Барлық мәліметтер «Туристік карта» бөлімінде орналасқан. Қосымша саяхаттаушыларға кез келген жерде жылдам бағыт-бағдар алуға, көмек қызметін шақыруға және қажетті ақпаратты табуға мүмкіндік береді.


ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ