Өскеменде Ұлан ауданының мәдени күндері өтті. «Туған жер - алтын бесігім» жобасы аясында аудан тұрғындары өз өнімдері мен концерттік бағдарламаны көпшілік назарына ұсынды. Кеште рухани құндылыққа толы қасиетті өлкенің терең тарихы кеңінен таныстырылды.

Ұлан ауданы ұлылар мекені, батырлар бесігі. Тарихы терең өлке. Тағлымы мол шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Мерекелік кеште ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени жетістіктері көрсетілді.

Маделхан Піржанов, Ұлан ауданы әкімінің орынбасары:

Біздің ауданымыз өнерпаздарға да, кәсіпкерлерге де өте бай өлке. 9 ҰОС батыры, 1 Қаһарманымыз бар. Өнерпаздарымыз 200-ге жуық. Ауданымызда туып өскен эстрада жұлдыздары да өнерлерін көрсетеді. Ауданда жүргізіліп жатқан түрлі бағдарламалар көмегін алған кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынуда халыққа

Облыстық филармония фойесіне кірген сәттен-ақ кеш қонақтарын ерекше атмосфера қарсы алады. Фотокөрме көздің жауын алады. Өскемендіктердің назарына қолөнер шеберлері мен зергерлердің қолынан шыққан түрлі бұйымдар да ұсынылды. Айта кетейік, көптің сұранысына ие болған жылыжай да осында.

Людмила Земляная, жеке кәсіпкер:

Біз түрлі экзотикалық жемістер мен гүлдерді өсіреміз. Қарапайым қазтамақ гүлінен бастап, экзотикалық ағаштың түр-түрі бар. Лимон, муррая, апельсин, мандарин, банан. Қала тұрғындарына осы өнімдерімізді ұсынып отырмыз. Сатып алушыларға барлығын толығымен түсіндіріп беремін. Әр өсімдік, жеміс, гүл жеке күтімді қажет етеді.

Ерлан Сағидолдин, жеке кәсіпкер:

Біз Ұлан ауданы Саратов ауылында Бекіре тұқымдас балықтарын өсірумен айналысамыз. Көрмеге бүгін өзіміздің қара бекіре икрасын әкеліп отырмыз. Бұдан бөлек біз балықты өсіріп, шабақтарын Ертіс өзендеріне жіберіп, Ертіс өзенінде бекіре балығының популяциясын жандандырумен айналысамыз.

Мерекелік кешке Қарағанды қаласынан арнайы келген қонақтар да кездесті. Олардың айтуынша, мұндай шаралар ұлттық мәдениетімізді сақтау мен насихаттауда маңызды рөл атқарады.

Мәулия Шарипова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Ұлан ауданы Борсақ ауылында туып өскенмін. Әке шешем де сол жақтан. Қазір осы Ұланның кешіне Қарағанды қаласынан келдім. Өзімнің елімді көріп, туыстарымды көріп қуанып отырмын. Осы жоба жылда болып жатыр, бола берсін. Өркендей берсін, өне берсін, өсе берсін. Мен тілектеспін.

Кеш соңы ұландық өнерпаздардың гала концертіне ұласты. Өңірге қарасты аудандардың тарихынан сыр шертетін жоба алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Сая Жарасқызы