• Самар ауданында 2012–2014 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасында еркін күрестен ашық турнир өтті. Тартысты белдесуге облыстың он ауданынан келген спортшылар қатысты. Шара ҚР Прокуратурасы күніне орай «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған.

Боз кілемде еліміздің әр өңірінен жиналған өрендер өзара кім мықтыны анықтады. Әр белдесу тартысты өтуде. Бұл дода — балалар үшін өз бабын тексеріп, тәжірибесін жинауға үлкен мүмкіндік.

Жандос Серіков, Самар ауданы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

Прокуратура мен аудан әкімшілігі өткізіп жатыр жарысты. Жарыс әділ әрі шынайы өтсін деп тілейміз. Мықтылар жеңсін. Он ауданнан 158 бала қатысуда осы жарысқа.

Спорттық доданың мақсаты - өскелең ұрпақты спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, еркін күрес балалардың күш пен техникасын ғана емес, мінез-құлықтарын қалыптастырады.

Әділет Қуандықов, Самар ауданының прокуроры :

Мұның мақсаты - жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын ұстану және нашақорлыққа жол бермеу мақсатында. Осындай жас өскелең ұрпақ болашақта заң мен тәртіпке бағынып, алға қойған мақсаттарына жетеді деген ойдамыз.

Еркін күрес - шапшаңдықты, ептілікті талап ететін спорт түрі. Түрлі деңгейдегі жарыстарда биік асуларды бағындырып келе жатқан жеткіншектер жекпе-жекте бар ынталарын салды.

Саян Серік, спортшы:

Мен бұл жарыстан жүлделі болдым. Қазір ата-анама хабарласып, осы қуанышты жаңалықпен бөліскім келеді.

Данил Ан, спортшы:

Еркін күрестен турнир өте жақсы деңгейде өтіп жатыр. Өз басым, жақсы дайындықпен жүлделі орын алуға келдім.

Жас спортшыларға тек жаттықтырушылар ғана емес, ата-аналар да әрдайым қолдау білдіріп, демеп отырады.

Самал Закирова, ата-ана:

Ұлымды осы жарысқа дайындап алып келдік. Самар ауданына жиі келеміз. Жарыстар әрдайым жоғары деңгейде өтеді. Балам еркін күреспен 5 жасынан бастап айналысады.

Бұл дода жас балуандардың шеберлігін шыңдап, үлкен спортқа алғашқы қадамын нық басуына жол ашатын айтулы жарыстардың бірі.

Фатима Тілейханқызы