Облыс орталығында Ұлан ауданы шаруаларының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шара «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығының алаңында өтті. Тауар өндірушілер ет, қымыз, сүт, бал, көкеніс сынды түрлі өнімдерді саудалады.
Жәрмеңкеге ауданның он төрт ауылдық округінен ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер қатысты. Ұландықтар халыққа арзан бағада азық-түлікті молынан әкелді.
Әділбек Рамазанов, Ұлан ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Жалпы жеке қосалқы шаруашылықтар, атап өтсек бүгінгі жалпы 6 тонна көлемінде келді. Ірі қараның еті 1,5 тонна, жылқы 2,5 тонна, қой етін 600 келі ет кірді. Және де шошқа еті қала тұрғындарына 600 кг мөлшерінде. Бұдан бөлек, мереке қарсаңында қосалқы шаруашылықтардан құс етін 800 кг алып келдік. Бұдан басқа да көкеніс өнімдері, бал өнімдері және де сүт өнімдері
Сенбілік жәрмеңкеге жиналған жұрттың қарасы қалың. Барлығы табиғи таза өнімді қолжетімді бағада алғандарына дән риза.
Галина Тюменцева, қала тұрғыны:
мен 23 шағын ауданнан жәрмеңкеге арнайы келдім. Бұл жерде баға әлдеқайда төмен, сондықтан әр апта ауылшаруашылық жәрмеңкесін жіберіп алмауға тырысамын. Сапасы да, бағасы да қолжетімді.
Шаруалар да сапалы өнімнің жылдам өтіп кететініне сенімді. Себебі, баға төмен болғанымен, табиғи таза өнімге сұраныс жоғары, дейді кәсіпкерлер.
Бақытгүл Темірханова, сатушы:
Ұланның етін сатып тұрмын. Өте арзан. Жәрмеңкелік баға. Семіз сиыр, жас малдың еті 3000-3500 тг дейін. Көбірек алатындарға 3 мыңнан да беріп жатырмыз. Базарда 3500-4000, 4500-5000 тг болса, бізде ондай баға мүлдем жоқ.
Жәрмеңкеде ұлттық спорт ойындарынан жарыс өтті. Сауда орталығында Ұлан ауданының көркемөнерпаздары қазақтың танымал халық және эстрадалық әндерінен шашу шашып, шерумен жүріп өтті.
Қымбат Иманғали