Аймақта сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар сапалы әрі табиғи өнім ұсынуға көшіп жатыр. Соның бірі — Өскемендегі «Восток- Молоко» ЖШС. Мұнда оннан аса ірімшік түрі өндірілсе, соңғы бірнеше айда шоколадпен қапталған сүзбе десерттері де дүкен сөрелеріне жол тартты.
Ірімшік өндіру – жауапты әрі көп сатылы процесс. «Восток-Молоко» ЖШС өнімдері бүгінде облыстың барлық аудандарында, сондай-ақ Алматы, Астана, Павлодар қалаларында сатылымға шығарылады. Цех шебері Евгения Шведчикованың айтуынша, ірімшік өңдеудің әрбір кезеңінде майлылық, температура және уақыт нақты есепке алынып, бақылауға алынады. Мәселен, «Маасдам» ірімшігі 35 күнде пісіп жетілсе, пармезан ірімшігі бір жыл бойы арнайы камерада сақталады.
Евгения Шведчикова, «Восток-Молоко» ЖШС ірімшік цехының шебері:
Цехте шамамен қырық адам жұмыс істейді. Біз он түрлі жартылай қатты және қатты ірімшік түрін өндіреміз. Соның ішінде ең танымалдары – «голланд» ірімшігі, «кастрамской», «Гауда премиум», «озёрный» және «пармезан премиум» ірімшіктері.
Жуырда кәсіпорында сүзбе десертін өндіруге арналған жаңа цех іске қосылған. Технологиясы күрделі өнімді шығару үшін арнайы жабдықтар сатып алынып, бір жыл бойы дайындық жүргізілген. Жаңа цехта 6 жұмысшы және бір технолог қызмет етеді. Сүзбе десерттері табиғи сүзбеден, шаруашылық майы мен аз мөлшердегі қанттан жасалады. Ең бастысы – өнімнің құрамында өсімдік майы жоқ. Өндіріс басшысы Шынар Сембаеваның айтуынша, сүзбе десертін өндіру технологиясы – күрделі әрі ұзақ уақыт талап етеді. Қазіргі таңда өнім қаладағы көптеген сауда нүктелерінде бар.
Шынар Сембаева, «Восток-Молоко» ЖШС өндіріс жетекшісі:
Қазір біз үш түрлі сүзбе десертін шығарып отырмыз. Яғни, стандартты ванильді, шоколадты және қоюлатылған сүт қосылған десерт. Алдағы уақытта тағы бірнеше түрін шығаруды жоспарлап отырмыз. Жаңа өнімімізді халық жақсы қабылдады. Бүгінде дүкен сөрелерінде сатылымда тұр. Таңғы асқа таптырмас жеңіл әрі пайдалы өнім деп ойлаймыз. Құрамында өсімдік майы жоқ,тым тәтті емес. Базардағы десерттер тым тәтті болып кетеді. Ал біз тәттілігін азайтып, балаларға пайдалы етіп жасадық. Ең ұзақ уақыт алатын нәрсе – процестің дайындығы. Бұл – тазарту, жуу. Өйткені, өздеріңіз көргендей, мұнда шоколад қолданылады. Оны жуу өте қиын. Сондай-ақ сүзбе де – жуылуы қиын өнім. Қазіргі таңда біздің мамандарымыз әлі оқу- тәжірибе алмасып жүр. Болашақта оларды қосымша оқытуға, біліктілікті арттыру курстарына жіберуді жоспарлап отырмыз.
«Восток Молоко» зауыты — табиғи әрі сапалы сүт өнімдерін өндіруге баса мән беретін кәсіпорын. Мамандарды оқыту, заманауи технологияны енгізу және нарықты терең зерттеу — өндіріс орынының басты қағидасы.
ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ