Өскемендегі Шығыс Қазақстан өнер музейінде Грузиядан келген суретші Кристина Ахалаяның жеке көрмесі өтіп жатыр. «Бір соқпақпен» деп аталатын экспозицияда анималистика және қалалық пейзаж жанрында салынған 40-тан астам жұмыс ұсынылған. Суретшінің шығармашылығы Қазақстан мен Грузия мәдениетіне негізделген. Бұған дейін оның жеке көрмелері облыс орталығынан бөлек, Батуми қаласында да ұйымдастырылған.

Кристина Ахалаяның жұмыстары акварель, майлы және акрилді бояулармен реалистік бейнеде салынған. Экспозициядағы жанрлық әртүрлілік анималистикадан бастап, қалалық пейзажға дейінгі бағыттарды қамтиды. Әрбір картина – бұл жай ғана бейне емес, уақыт, үйлесім мен әлемнің бояуларын бір жерге тоғыстыра білу.

Асылбек Солтанов, Шығыс Қазақстан өнер музейінің экскурсия жетекшісі:

Суретшінің жұмыстары қызықты, әсіресе қалалық пейзаждарда жарық пен түстердің үйлесімділігі өте сәтті берілген. Көбінесе суреттерде қыс мезгілі бейнеленген. Суретші қаланы тыныш, әсем күйде көрсете білген. Әрбір картинаның өз лирикасы бар. Анималистика стиліндегі жұмыстарда да әр жануардың мінезі, бейнесі анық көрінеді.

Қылқалам шебері Кристина Ахалаяның айтуынша, шығармашылықтағы шабыт күтпеген жерден келеді. Ол қырау басқан терезе, қар басқан орындық, тербелген әткеншекке қарап қылқаламына ерік береді. Суретші көбінесе қағаз бетіне қала өмірін, көшелер мен күнделікті сәттерді бейнелейді.

Кристина Ахалая, суретші (Грузия):

Бір күні терезеден қарап отырғанда, аязды күн, қар басқан орындық пен әткеншектерді көріп, балаларға арналған акварель бояуларымды алып сурет сала бастадым. Сөйтіп қала пейзажындағы біршама топтама жарыққа шықты. Кейбір адамдар күнде кездестіріп, көріп жүрген дүниелерін, зер салып байқай бермейді. Мен сол ұсақ элементке дейін байқап, қағаз бетіне түсіріп, реалистік сурет арқылы көпшілікке ұсынғым келеді.

Кристина Ахалаяның «Бір соқпақпен» көрмесі – үйреншікті дүниеге жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Суретші әрбір бөлшекке ерекше мән береді. Оның картиналары көрерменді қарапайым дүниелердің сұлулығын көруге мүмкіндік береді.


Фатима Тілейханқызы