Глубокое ауданына қарасты Винное ауылында дәстүрлі дала күні мерекесі өтті. Шара барысында ауыл шаруашылығы саласы мамандарына заманауи техника үлгілері мен инновациялық әзірлемелер көрмесі ұсынылды. Шығысқазақстандық «Aitas Agro» агрохолдингі биыл бұл мерекені төртінші жыл қатарынан ұйымдастыруда.
Диқандардың басын қосқан ауқымды шараға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Облыс әкімі егіс алқабындағы көрмеде заманауи агротехнологиялармен танысты. Жаңа өнімдерді және ауыл шаруашылығы техникасының тың үлгілерін тамашалады.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Дала күні барлығымызға белгілі агроөнеркәсіп кешенін алға сүйрейтін, ғылым, өндіріс және бизнесті біріктіретін бұл үлкен мүмкіндік. Мұнда сіздер бір-біріңізбен тәжірибе алмасасыздар. Жаңа технология мен озық ой, идеялардыбір-бірлеріңізге таныстыра отырып осы аграрлық сектордың келешегіне тың бір серпін беретін осындай іс-шара.
Ауыл шаруашылығының дамуы – цифрлық технологиялармен тікелей байланысты. Бүгінде диқандар дрон мен автопилот жүйелері арқылы егіс алқабын тиімді басқарып, өнімділікті еселеп отыр. Заманауи құрылғылар жұмысшылардың ауыр еңбегін жеңілдетіп, дәл әрі үнемді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Ұлар Әділбекұлы, «ДИЗЕЛЬ АГРО» компаниясының өкілі:
Техника тек қана жақсы жағынан көрініп жатыр. Бұл техникаға байланысты ешқандай қазір биылғы жылы 14 данасы сатылды. Бұл техниканың тек қана жақсы жағынан көріп жатырмыз. бұл шаруашылыққа өте пайдалы болып саналады.
Дала күні — агроөнеркәсіп кешенінің дамуына бірден бір серпін беретін, ғылым, өндіріс және кәсіпкерлік салаларының басын қосатын ерекше шара. Елеулі шараның өңірде өткізілуі тегін емес. Себебі елдегі өсімдік майының 40 пайызы Шығыс Қазақстанда өндіріледі. Ал күнбағыс өңдеу бойынша облыс екінші орында.
Дидар Ерболатқызы