Зайсан ауданында азаматтарды баспанамен қамту жұмыстары қарқынды. Тұрғын үй кезегінде тұрғандарға пәтер кілтін табыстау кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта мұнда көп балалы - 305 отбасы, әлеуметтік осал топ санатында – 757, тұрғын үйі апатты деп танылған – 50, ата-ана қамқорлығынсыз қалған – 58, мемлекеттік және бюджеттік қызметкер санаты бойынша – 617 маман баспана кезегінде тұр. Жергілікті билік өкілдері алдағы уақытта кезек реттілігі бойынша пәтерлер табысталатынын айтады.
Өткен жылы Зайсанда «Бірқабатты шығыс» бағдарламасы аясында ауданға қарасты ауылдарда 68 пәтер салынып, баспана кілттері кезек реттілігі бойынша көп балалы, әлеуметтік осал топ санатындағы, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, тұрғын үйі апатты деп танылған және мемлекеттік және бюджеттік қызметкер санатындағыларға берілді. «Бірқабатты шығыс» бағдарламасы шеңберінде ауылдық жерлерде 96 пәтердің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, аудан орталығы Зайсан қаласында көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде.
Әли Жұмағалиев, Зайсан ауданының ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
Бүгінгі таңда жергілікті құрылыс компаниясы «СМУ-Шығыс» Зайсан қаласында «Заречное» мөлтек ауданында 40 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысын бастады. Құрылыс жұмыстары шамамаен сәуір айында басталған болатын.Аталған жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланды.Құрылыс аяқталған соң кезек бойынша пәтер кезегінде тұрған азаматтарға үй беру жұмыстары қолға алынады.
Аудан орталығында өткен жылы 30 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл үйлер көпбалалы отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға, әлеуметтік осал топ санатындағыларға берілді. Баспана кілтіне ие болғандардың бірі – Айнагүл Абулгазиева. Ол 2010 жылдан бері үй кезегінде тұрған. Айнагүл Қадырханқызы қолға алынған бастама талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселеге нүкте қойылды, дейді.
Айнагүл Абулгазиева. аудан тұрғыны:
Қуанып жатырмыз баспана алып. Қолымыз жетті биыл соған қуанып жатырмыз. Неше жыл күттік. Қуаныштымын. Көп-көп рахмет осы бастамаға.
Жаңа баспана газбен жылытылады. Орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Кәріз желісі де тартылған. Жергілікті әкімдік өкілдері көпбалалы аналарды қолдау бағытында кешенді жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.
Ал Саржыра ауылында 50 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Білім ошағы заман талабына сай, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылады. Аталған бастама ауылдық жердегі білім беру сапасын одан әрі арттыруға бағытталған. Зайсанда жалпы саны 27 мектеп, 21 балабақша, 12 шағын орталық бар. Аудандағы 1857 балғын балабақшаға барса, 6500 бала мектепте білім алады. Шекаралық аймақтағы азаматтардың әлеуетін арттыру жұмыстары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдыға қойған жоспар айқын, атқарылар шаралар легі де ауқымды.
ҚУАНЫШ АМАНТАЙҰЛЫ