Шомылу маусымы басталғалы өңірде 13 адам құтқарылды. Оның 6-ы кәмелет жасына толмағандар. Өңірлік комуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ТЖД мамандары тұрғындарды су айдындарында бекітілген ережені қатаң сақтауға шақырды.
Жаз мезгілінде жағажайда демалушылар саны күрт артады. Алайда, суға шомылу кезінде азаматтар қауіпсіздік ережелерін сақтамай жатады. Жазатайым оқиғалардың дені заңсыз шомылу аумағында орын алады. Мамандар демалыс үшін тек шомылуға рұқсат берілген жағажайларды таңдауға кеңес береді. Себебі, мұндай орындарда құтқарушылар жұмыс істеп, қажетті талаптар толық сақталады.
Даурен Ағажаев, ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
Облыс аумағында құтқару бекеттері бар. Сонымен қатар, волонтерлер мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен күн сайын рейдтер өткізіледі.
Құтқарушылар рейд барысында балықшылармен, ата-аналармен және балалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық жадынамалар таратуда. Жаз шыққалы бері 1000-нан астам рейдтік шара өткізілген. Мақсат – су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың алдын алу.
Асылан Қапаев, ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:
Облыстық мәслихат сессиясы шешімі бойынша тыйым салынған 74 орын бар. Ол жерде де шағын кемелерге жүзуге тыйым салынған 29 орын анықталған. ШҚО аумағында қазіргі уақытта 4 стационарлық құтқару бекеті және 1 мобильді бекет жұмыс істеп тұр. Онда күнделікті кезекшілік қамтамасыз етілген. Атап айтсақ олар Өскемен қаласындағы Самар паркі аумағында, Өскемен қаласы Көгілдір паркі аумағында, Күршім ауданының Күршім ауылында, Алтай ауданындағы Көгілдір бұғаз аумағында орналасқан және де Самар ауданындағы Новостройка ауылында.
Брифинг барысында ҚР ТЖМ апаттар медицинасы орталығы алғашқы көмек көрсету бойынша шеберлік сабағын өткізді.
Владимир Зайцев, ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігері:
Тұншығудың бірнеше түрі бар. Бірінде адамның өкпесі суға толып, тыныс мүлде тоқтайды. Екіншісінде су тек жоғарғы тыныс жолдарына түсіп, бұлшықеттер тарылып, адам дем ала алмай қалады. Ал жүрек-қан тамыр ауруы бар адамдар үшін суға кенет түсу – аса қауіпті. Суық су тамырды қысқартып, жүрек талмасына әкелуі мүмкін.
Құтқарушылар тұрғындарды су айдындарында бекітілген ережені қатаң сақтауға шақырады. Баланы қарауда ұстау - әр ата-ананың басты міндеті. Ал төтенше жағдай орын алса, бірден 112 нөміріне хабарласу қажет.
ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ