Суға шомылу маусымы әлі аяқталған жоқ. Жаздың аптап ыстығында салқын өзен-көлдер мен су-тоғандарын паналаған демалушылардың қарасы қалың. Бұл - ыстықтан қорғанудың бір жолы. Алайда су айдындарындағы демалыс қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды талап етеді. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қазіргі таңда су жағалауларында бақылау шараларын күшейткен.

Бұқтырма су қоймасы - шығыстағы ең танымал демалыс орындарының бірі. Құтқарушылар демалушыларға жадынамалар таратып, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Олар рұқсат етілмеген, арнайы белгілер орнатылмаған жағажайларда шомылудың аса қауіпті екенін ескертеді. Өйткені, төтенше жағдайлар көбінесе дәл осындай орындарда тіркеледі.

Әсет Сейілқұмаров, Самар ауданы ТЖБ бастығы:

2022 жылдан бастап Самар ауданында Бұқтырма жағасында бірінші маусымнан қыркүйек айының аяғына дейін құтқару бекеті жұмысын атқарады. Әр демалыс сайын Самар ауданына Бұқтырма жағасына 5000 астам демалушы келеді. Әр демалыс сайын ТЖБ және ТЖД қызметкерлері Бұқтырма жағасында профилактикалық жұмыстар атқарады.

Профилактикалық рейдтер құрамында ТЖМ әскери қызметкерлері, көлік бақылау инспекциясының мамандары, кәсіпкерлік басқарма өкілдері, еріктілер мен полиция қызметкерлері бар. Олар бірлесіп демалушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, судағы қауіпсіздік ережелерін еске салуда.

Әділ Ибраев, Самар ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы:

Суға түсу ережелерін қатаң сақтауға және балаларды қадағалаусыз қалдырмауға, тереңдік деңгейін түсу барысында қатаң қадағалауға және де су жағалауында спирттік өнімді ішкен жағдайда немесе масаң күйде суға шомылу барысында ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 440-шы бабы бойынша айыппұл салынады және балаларды қадағалаусыз қалдыруға әкімшілік кодексі 127-ші баптың бірінші тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылады.

Жағажайдағы аймақтарды бақылау үшін арнайы техникалар, дрондар қолданылады. Бұл қауіпсіздік деңгейін арттырып, заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, -дейді мамандар.

Карина Ахметқалиева, волонтер:

Бүгін біз ПД және де құтқарушылар қатары мен еріктілер қатары барлығымыз бірге рейд жүргіздік. Осы рейд барысында біз судағы қауіпсіздіктер, яғни, адамдарға барлық қауіпті түсіндіріп, оларды алдын алу шараларымен таныстырып өткен болатынбыз. Жалпы, осындай рейдтар бізде қатарынан өте көп және үнемі жүргізіліп отырады. Себебі, адамдардың қауіпсіздігі бізде ең маңызды фактор болып табылғандықтан осындай рейдтар бізде өте көп жүргізіледі.

Су жағасындағы демалыс тек жайлы ғана емес, қауіпсіз де болуы керек. Ол үшін қарапайым, бірақ өте маңызды ережелерді естен шығармаған жөн.