Аймақта инвестициялық жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – өңір экономикасының әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосып келе жатқан Ұлан ауданындағы «Украинка» шаруа қожалығы. Шаруа қожалығы 460 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын іске қосқан. Ферма соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен жабдықталған.
Мұндағы сиыр сауу процесі толықтай автоматтандырылған. Тіпті ақылды техника сауылған сүттің сапасына бақылау жүргізеді. Ал малдың жай-күйі арнайы датчиктер арқылы тіркеуден өтеді.
Нұрболат Социалов, шаруа қожалығының басшысы:
Бұл жерде сиыр еркін жүру, өз еркімен сауылады. Сиыр 8 сағатқа толған жағдайда уақыты келеді сол кезде бұл жерде есіктер бар сол анықтайды қай жаққа бару керек. Роботтар болса роботтарға немесе демалуға жем жеуге деген сияқты.
Қазір мұнда 250 бас ірі қара бар. Алдағы уақытта сала мамандары мал басын көбейтіп, өндіріс ауқымын ұлғайтпақ. Заман талабына сай тауарлы-сүт фермасын іске қосу үшін кәсіпкер мемлекеттік қолдаудан бөлек, қосымша қаржы құйған.
Серік Сағындықов, Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары:
Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталған. Биыл барлығы аяқталып, іске қосылды. Жобаның құны – қателеспесем 2,5 миллиард теңгені құрайды. Оның 1,5 миллиарды әлеуметтік – кәсіпкерлік корорациясы арқылы бөлінді. Құрал – жабдық сатып алуға, қажетті заттарға, мал басын сатып алуға мемлекет қолдау білдірді. Ал, құрылыс жұмыстары өз қаражатымызға жүргізілді.
Асыл тұқымды малдың күтімі де, жем-шөбі де талапқа сай болуы тиіс. Сапалы өнім алу үшін мал күтімімен айналысатын мамандардың да жағдайын жасау қажет. Мекеме басшылығы таяуда жұмысшыларға арналған жатақхананы салды. Ал, алдағы уақытта Алтай және Шемонаиха аудандарында тауарлы-сүт фермаларын іске қосу жоспарланған.
ГҮЛДАНА АЙДАРҚЫЗЫ