Шығыс Қазақстан өнер мұражайында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл толуына орай суретшілер көрмесі ашылды. Көрмеге қылқалам шеберлерінің түрлі туындылары қойылды. Өзге өңір суретшілері де шет қалмады. Асқан шеберлікпен бейнеленген картиналарда Абай шығармашылығы, оның философиялық мұрасы мен қазақ халқының рухани тарихындағы рөлі әр сүретшінің өзіне ғана тән бояу ерекшеліктерін айқындайтын түстер үйлесімдігімен көрініс тапқан.
Көрмеге әр жылдары реализмнен авангардқа дейінгі сан алуан кескіндеме стилінде салынған Абай портреттері қойылған. Бұдан бөлек Абай шығармаларының сюжетіне негізделген туындыларды да тамашалауға болады. Өнертанушы ғалымдардың айтуынша Абайдың сан қырлы тұлғасын суретшілер көзімен көрсету және оның қазақ мәдениеті мен ұлттық болмысын дамытуға қосқан үлесін ұлықтау әрі ұмытпау керек.
Ерназ Қалижанов, ШҚ өнер мұражайының директоры:
Қазіргі таңда ұлы абайдың 180 жылдығына орай «Абай әлемі» атты көрмесі ашылды.Бұл көрмеден осы өзіміздің жергілікті суретшілердің туындыларын көре аласыздар. Атап айтар болсақ Мәди Қайырханның, Ержан Тұрғанбаевтың, Гүлнәр Бекбердинованың туындылары ШҚ өнер мұражайының залына қойлыған. Бұл көрмеде ШҚО суретшілерінің туындылары қойылған. Басқа облыстардан да суретшілердің туындылары бар.
Көрмеге келушілер суретші Қабдылғалым Қаржасовтың «Жұмбақ адам» картинасын тамашалай алады. Шығарма авангардтық стильде салынған. Ойшыл әрі философ Абай Құнанбаевтың ішкі жан дүниесі мен философиялық тереңдігін батыл көркемдік шешімдер арқылы шебер бейнелеген.
Лариса Мартынова, ШҚ өнер мұражайының маманы:
Абай бейнесін түсіну үшін Қаржасов сияқты оның өлеңдерін оқу керек. Ол Абайдың рухани портретін салуға тырысты. Оның қолынан шыққан туынды рухани дүниені шындыққа айналдырды. Мына суретте Абайдың 4 қолы бар. Біреуі қағаздың жанында, екіншісі домбырада, енді бір қолы жүректе және маңдайында.
Абайдың 180 жылдығына арналған көрме – ұлы ақынның рухына тағзым ету ғана емес, қазіргі суретшілердің оның мұрасына терең үңіліп, әр сөзінің философиялық мәнін кескіндеме тілімен жеткізуге деген талпынысы. Көрмені тамашалауға келген әр азамат қылқалам шеберлерінің шығармашылығынан шабыт алып, ұлы ақынның мұрасына жаңаша көзқараспен қарай алады.
Салтанат Кеңесбекқызы