Өңірде үлестік құрылыс саласына бақылау күшейтілді. Мониторинг нәтижесінде жеті құрылыс компаниясы үлескерлердің қаражатын тарту кезінде заңнаманы бұзғаны анықталды. Бекітілген талапқа бағынбағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы шығыстағы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Өңірдегі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың желтоқсан айы мен биылғы қаңтар айында ҚР «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңының нормаларын бұзған жеті құрылыс компаниясы анықталды.

Әлішер Кенжеқанов, Облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары м.а:

Қазіргі уақытта облыс орталығының аумағында жеке қаражат есебінен сатылатын коммерциялық көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы белсенді дамып келеді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар үлескерлердің қаражатын тартудың заңдылығын бақылау тұрғысынан тұрақты негізде мониторинг жүргізеді.

Мамандар құрылыс компанияларының бірқатары үлескерлерді «броньдау келісімшарты» немесе «алдын ала келісім» сынды құжаттармен жаңылыстырады. Алайда, бұл құжаттардың үлестік құрылыс заңнамасында заңды күші жоқ. Мұндай тәсілмен баспана алуға ниеттенген азаматтар қолындағы қаржысынан қағылып жататын көрінеді.

Әлішер Кенжеқанов, Облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары м.а:

Үлестік құрылыс шарттары кейде «брондау шарты», «пәтерді брондау» сияқты бүркемелі атаулармен жасалуы мүмкін. Сондықтан келісімшартқа отырар кезде азаматтар құжатпен толық танысып, бұл әрекеттің қаншалықты заңды екенін зерттеп алуы керек.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы халық арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.


Талант Тұрсынов