Абай шығармаларынан кез келген адам тәлім-тәрбие алып, ұлттың өсіп-өнуіне қажетті көптеген өсиет сөздерді таба алады. Оның шығармалары мен қара сөздері әлемнің көптеген тіліне аударылды. Ақын мерейтойына орай облыста ауқымды шаралар өтеді.
Абай Құнанбайұлының шығармалары туралы таңды таңға ұрып, сөз қозғауға болады. Оның өлеңдері мен қарасөздерінде ұлт болмысы, дүниетанымы айқын көрініс тауып, бірегей құбылыс ретінде бағалануда. Бір сөзбен айтқанда, ұлы ақынның шығармалары қай заманда болмасын өзектілігін жоғалтпай келеді. Биыл өңірде ұлы ойшылдың мерейтойына орай бірнеше шара өтеді. Соның бірі «Абай оқулары – 2025» атты облыстық байқауы. Ауқымды шара 8 тамызда өтеді. Мақсат – Абай тұлғасын жастарға жаңа қырынан таныту.
Самат Қасенов, ШҚО мәдениет басқармасының басшысы:
Бізде Шығыс Қазақстан облысында барлық іс-шаралардың ішіндегі, енді ауқымды шара бұл 10 тамыз ғой. 10 тамыз ұлы Абайдың туған күні. Соған негізделген 9 тамыз күні сол жағалау кешенінде, сағат онда музей-қорығында үлкен іс-шара өткізіледі.
Бұдан бөлек, «Абай мұрасы – ұлтымыздың рухани қазынасы» атты 100 кітаптан тұратын көрме ұйымдастырылады. Ал Шығыс Қазақстан өнер музейі «Абай әлемі» көрмесін көпшілік назарына ұсынады. Облыстық драма және опера театры ақын өмірінен сахналық көріністер қояды.
Самат Қасенов, ШҚО мәдениет басқармасының басшысы:
Республикалық және халықаралық дәрежедегі іс-шаралар сол Абай облысында өткізіледі. Біздегі, мынау Шығыс Қазақстан облысындағы цикл мероприятие дейміз, атаулы датаға байланысты мәдени іс-шаралар да қосымша өткізіліп тұрады.
Абайдың 180 жылдығы аймаққа қарасты аудандарда да кеңінен аталып өтіледі.
Талант Тұрсынов