«Казцинк» компаниясы жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Үздік практикант» байқауын өткізіп жатыр. Болашақ мамандар үшін бұл сайыстың берері мол. Бұл сайысқа аймақтағы өндіріс орнында өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысып жатыр. Бәсеке басталған сәттен-ақ қатысушылар өздерінің қарым – қабілеттерін көрсетуде.

Байқаудың мақсаты - жас мамандардың шеберлігін шыңдау. Оларға түрлі тәжірибелік тапсырмалар беру арқылы, жұмысқа деген қызығушылықтарын арттыру. Мұнда студенттер оқу орнында алған білімдерін іс жүзінде дәлелдейді. Нәтижесінде үздіктер өндіріс орнына жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

Ирина Елфимова, «Казцинк» ЖШС Еңбек ресурстары басқармасы корпоративтік университетінің бас маманы:

«Үздік практикант» байқауы жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Мұнда ең ең деген мықтыларды анықтаймыз. Бұл сайыс жас мамандарды ынталандырып ғана қоймай, жетістікке жету жолында сеп. Жарысқа колледж, жоғары оқу орындарының студенттері қатысады. Оларға білікті, білгір мамандар барлығын үйретіп, өз тәжірибелерімен бөліседі.

Владислав Ларионовтың тәжірибеден өтіп жүргеніне үш ай. Осы уақыт аралығында мамандығына деген қызығушылығы артқан. Күн сайын түрлі дағдыларды үйреніп, оны іске асырып жүр. Алдағы мақсаты оқуды тәмәмдап, жұмысқа орналасу.

Владислав Ларионов, студент:

Жылу электр станцияларының жылу энергетикалық қондырғылары мамандығы бойынша 3 курсты аяқтадым. Сондай – ақ мен Казцинк компаниясымен жүзеге асатын дуалды оқытудың қатысушысымын. Оның да өзіндік шарттары бар. Ең алдымен бұл жерден тәжірибе жинақтап, артынша жұмыс орындарына бөледі. Арман Мұратұлы Ботаевтың басшылығымен салаға қатысты түрлі дүниелерді меңгеріп жүрмін.

Арман Ботаев кәсіпорында 15 жылдан астам уақыт жөндеуші-слесарь болып жұмыс істейді. Білікті маман жастарға өз тәжірибесімен бөлісіп, үйретуден шаршаған емес. Тәлімгер әрдайым көмекке келіп, бар білген-түйгенін айтады.

Арман Ботаев, тәлімгер:

Ең алдымен оларды өндіріс процесіне және қажетті дағдыларға үйретемін. Біздің басты міндетіміз – тапсырмалдарды қауіпсіз орындау. Кейіннен нақты іс-тәжірибеге баулимын. Негізінен балалардың барлығында көрсем, білсем деген ынта жігер бар. Түгелі еңбекқор. Сондықтан өз тәжірибеммен бөлісіп, көмектесуге дайынмын.

Жарыс соңында барлық қатысушылардың ұпайлары есептеліп, нәтижелер бойынша ең жоғары көрсеткішке жеткен үш практикант марапатталатын болады. Қорытындылау қыркүйек айында өтеді.


ГҮЛДАНА АЙДАРҚЫЗЫ