Елде 1 тамыз мен 20 қазан аралығында ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бүгін ауқымды шараның алғашқы кезеңі басталды. Алғашқы кезең онлайн форматта өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ұлттық статистика бюросының шығыстағы департаменті мамандары мәлімдеді. Санақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылуда.

Ауыл шаруашылығы саласындағы ауқымды шара халықаралық стандартқа сәйкес жүзеге асырылады. Бастама аясында өңірдегі 92 мыңнан астам үй мен 10 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушісін қамту көзделген.

Салтанат Буткенова, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ШҚО бойынша Департаменті басшысының орынбасары:

Ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңде өтеді. Бірінші кезең – онлайн форматта, ол 1-31 тамыз аралығында жүргізіледі. Онлайн-формат sanaq.gov.kz сайтында өтеді, бұл интервьюерлерді күтпей-ақ уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді, мәліметтерді жылдамырақ жинауға және өңдеуге жол ашады. Сонымен қатар бұл қыркүйекте үй-үйді аралайтын мамандарға түсетін жүктемені азайтады.

Санаққа қатысу үшін sanaq.gov.kz сайтына ЭЦҚ, SMS-код немесе eGovMobile қосымшасы арқылы QR-кодпен тіркелу қажет. Пайдаланушылар үшін екі түрлі сауалнама қолжетімді. Алғашқысы ауыл шаруашылығы саласында қызмет ұйымдастыратын кәсіпорындарға, ал екіншісі - бау-бақшасы бар немесе мал ұстайтын үй шаруашылықтарына арналған. Сайтта сауалнаманы толтыру реті жайлы ақпарат беретін бейненұсқаулық, интерактивті көмекші мен нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін SANAQ мырза чат-боты бар.

Салтанат Буткенова, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ШҚО бойынша Департаменті басшысының орынбасары:

Егер ауылда компьютер немесе интернет болмаса, респонденттер аудандық әкімдіктер мен статистика бөлімдеріндегі өзін-өзі қызмет көрсету аймақтарына жүгіне алады. Облыс бойынша осындай 123 орын қамтамасыз етілген. Бұл пункттерде санақтан өтуге арналған қажетті техника болады.

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының алғашқы нәтижелері жыл соңында, ал толық ақпаратты 2026 жылы жариялау көзделген.


КӘУСАР ИДАЯТҚЫЗЫ