Биыл қазақ әдебиетінің алыбы, ұлт руханиятының шамшырағы - Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Абайдың қалдырған мұрасы - халқымыздың баға жетпес рухани байлығы, ғасырлар өтсе де өз құндылығын жоғалтпайтын алтын қазынасы.
Абай Құнанбайұлы - қазақ халқының бас ақыны, данышпан ойшылы, ағартушысы. Ол өз заманының рухани көсемі ретінде білім мен әділеттілікті биік қойған. Ал, шығармашылығы - ұлттың мәдени мұрасы ғана емес, жалпыадамзаттық құндылықтар жиынтығы.
Айжан Қартаева, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы:
«Абай - қазақтың бас ақыны» - деп, Алаш көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы баға берген болатын. Сол баға әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Абайдың артыннан мол мұрасы қалды. Рухани бай қазынасы қалды. Абайдың артынан қалған мұрасы бұл мәңгілік ізін жоймайтын алтын қазына деуге болады.
Ақынның туындылары арқылы ұлттың рухани мәдениеті жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде Абайдың әрбір сөзі - өмірлік бағдар, тәрбиелік маңызы зор рухани қазына.
Абай қалдырған өлеңдер, қара сөздер мен аудармалар - адамзаттық биік құндылықтарға негізделген.
Айжан Қартаева, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы:
Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың жазған түсініктемесі бойынша Абайдың артынан қалғаны 176 өлең, 3 поэма, 45 қара сөзі, 1 тарихи очеркі және 52 аударма қалған деп айтылады.
Абай Құнанбайұлы - қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған тұлға, ал оның мұрасы - рухани байлығымыздың бастауы. Бүгінде осы асыл мұраны жалғау мақсатында елімізде «100 кітап» ұлттық сауалнамасы жүргізілген болатын. Бұл - Абай ізімен әдебиетті өркендетуге, ұлт санасын байытар шығармаларды іріктеуге бағытталған маңызды бастама.
БЕКАРЫС СЕКЕН