Облыс орталығында «Oskemen Open 2025» халықаралық шахмат турнирінің жеңімпаздары анықталды. Бұл турнирге жиырма елден келген 79 шахматшы қатысқан болатын. Олардың арасында 21 гроссмейстер мен 35 халықаралық шебер бар. Турнирдің жүлде қоры — 100 мың АҚШ долларын құрады.
«Masters» турнирі шахмат турнирінің ең тартысты кезеңі. Бұл сында 19 жастағы ресейлік гроссмейстер Алексей Гребнев жеңіске жетті. Ол үндістандық спортшыны соңғы турда 52-ші жүрісте тізе бүктіріп, турнир жеңімпазы атанды. Гроссмейстер 2023, 2024 жылдары өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған болатын. Ал ресейлік шахматшымен бірдей ұпай жинаған венгриялық Рихард Раппорт Бухгольц коэффициенті бойынша екінші орынға табан тіреді. Үшінші орынға үндістандық спортшы жайғасты.
Дастан Капаев, шахматтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы:
«Oskemen Open» турнирі жоғары деңгейде өтті. 16 мемлекеттен 270 ойыншы қатысты. Мына Шығыс Қазақстан әкімшілігіне алғысымызды білдіреміз, осындай іс-шараға жақсы демеу көрсеткеніне. Жалпы спортшылар, мына қонақтар бәрі риза.
Турнирде қазақстандық шахматшыларда үздік ойын өрнегін көрсетті. Денис Махнёв, Даниял Сәпенов және Әлішер Сүлейменов 6-дан 8-ші орынға дейінгі аралықта көрінді. Әсіресе, Денис Махнёв көптің назарын өзіне аударды. Ол үндістандық гроссмейстер Сетураманмен тең ойнады.
Алекс Кудинов, Қазақстан шахмат федерациясының ШҚО бойынша атқарушы директоры:
Бұл – облысымызда екінші жыл қатарынан өтіп жатқан ірі турнир. Биыл 270-ке жуық шахматшы қатысты, 17 елден ойыншылар келді. Топ-15 қатарына кіретін әлемдік деңгейдегі гроссмейстерлер де бақ сынады. Турнирдің беделін облыс басшылығы да, федерация да жоғары бағалады. Оны жыл сайын өткізіп, қатысушылар деңгейін арттыруды көздеп отырмыз.
«Oskemen Open 2025» – Қазақстан Кубогының 2-ші кезеңі. Бұл турнир 3 кезеңнен тұрады. Келесі кезең 4-12 тамыз аралығында өтеді. Ал финал 9-19 қарашада Алматыда ұйымдастырылады.
Талант Тұрсынов