Ұлан ауданындағы Шалқар көлі жағасында кезекті экологиялық акция өтті. «JASYL EL» жастар еңбек жасағы мен ауданның белсенді жастары бірігіп, Сібе көлдерін қоқыстан тазартты. Игі шара– тек тазалық жұмысы емес, табиғатқа деген жанашырлықтың белгісі.
Шалқар көлі – жазда демалушылар ең жиі баратын демалыс орындарының бірі. Аптап ыстықта серуендеп, суға шомылуға келетіндердің тұрмыстық қатты қалдықтарды қалдырып кететіндігі жасырын емес. Сондықтан «Сібе – таза жағалау» атауымен өткен акцияның маңызы зор.
Бауыржан Биғалиев, Ұлан аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:
Шалқар көлінде, үшінші көлінде «Таза жағалау» акциясы болып жатыр. Аталмыш акцияның басты мақсаты ол біздің жастарымызда экологиялық мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Осы Шалқар көлінің муниципалды жағажайында демалыс күндері туристар өте көп жиналады. Сондықтан біз осы жағалауды таңдап, тазалық жұмыстарын ұйымдастырайық деп келдік.
Табиғатты қорғау тек ересектердің емес, жастарға да ортақ іс. Жазғы демалыс кезінде қолға алынған бұл шаралар – қоршаған ортаға қамқорлық танытудың айқын көрінісі. Бүгінгі шараға ерікті түрде 60-қа жуық азамат қатысты. Олардың бұл еңбегі көпке үлгі болмақ.
Темірлан Жеңіс, «JASYL EL» жастар еңбек жасағының сарбазы:
Ертең елімізге, 31 күні үлкен делегация келеді екен. Осы жастарға сеніп тапсырғанына рақмет. Осы жастарға сенетіндігін көрсетеді. Осы жұмысты біз ел үшін істейміз.
Алмас Құмарғазы, құтқарушы:
Біздің осы Шалқар көліне «JASYL EL» жасағының адамдары келіп тұрғанына қуаныштымын. Оларда жиі акция болады. Сартымбетті тазалап кетіпті. Осы жолы біздің көлге келіп отыр. «JASYL EL» жасағына ризамыз.
«JASYL EL» еңбек жасағының сарбаздары аудандағы көгалдандыру жұмыстарына, сенбіліктерге жиі қатысады. Олар Сібе көлдерінің жағалауын тазалаумен шектелмей, алдағы уақытта өзге де экологиялық бастамаларға қолдау білдіруге әзір екендіктерін айтты.
Талант Тұрсынов