Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада заманауи анимация студиясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Енді жас суретшілер тың бастаманың қыр-сырын меңгеріп, өз қиялдарындағы мультфильм кейіпкеріне жан бітіреді. Жоба мүмкіндіктерін ерекше қажеттіліктері бар балалар да қолдана алады. Болашақ жас аниматорларға мұндай сыйлықты «Казцинк» компаниясы Халықаралық балаларды қорғау күніне орай тарту етті
Әр баланың арманы – салған суреттеріне жан бітіріп, оларды үлкен экраннан көру. Осындай мүмкіндікке ие болған Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Сегізаяқ» атты жаңа шығармашылық кешен ашылды. Енді балалар мультфильм жасауды үйренеді. Сценарийді өздері жазып, кейіпкерлерді дыбыстайды. Актерлік қабілеттерін де шыңдай алады.
Кітапханада ашылған «Жанданған суреттер» кешенінде балалар графикалық планшетте кейіпкерлердің суретін салып қана қоймай, оларды үлкен экранда сөйлетеді. Ол кейіпкерлерді басқаруға, жылжытуға болады. Бұл жай ғана шығармашылық емес – әр баланың қиялынан туған белгілі бір тақырыпқа негізделген туынды кейіпкерлері. Анимациялық студия жас таланттардың шыңдалуына мол мүмкіндік береді.
Анимациялық студияда балаларға арналаған шеберлік сабақтары өтті. Оған мектеп оқушылары, «Ақ ниет» мектеп-интернатының, «Үміт» балалар үйінің, Ахмер балалар ауылының және «Үлбі» әлеуметтік орталығының тәрбиеленушілері қатысты. Балалар өздерін режиссер, оператор және сценарист түрінде сынап көрді. Сурет салғанды жақсы көретін Елік Бауыржанқызы болашақта көптің көңілінен шығатын туынды авторы болуды армандайды.
Қатысушылар қазірдің өзінде болашақ мультфильмдері үшін жоспар құрып, сюжеттер ойлап табуда. Анимациялық студия олар үшін жаңа көкжиектер ашатыны анық.