Елде 1 тамыз мен 20 қазан аралығында ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ұлттық статистика бюросының шығыстағы департаменті мамандары мәлімдеді. Санақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылады.

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы аясында облыстағы 92 мыңнан астам үй мен 9,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушісі қамтылмақ. Санақтың негізгі кезеңі 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтеді.

Негізгі санақ кезеңі басталғанға дейін 1-30 маусым аралығында облыстың 5 қаласында, атап айтқанда Риддер, Алтай, Зайсан, Серебрянск, Шемонаихада санаққа қатысушылардың тізімін нақтылау мақсатында алдын ала аралау жұмыстары өтеді. Өсімдік, мал және балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен фермерлік қожалықтар, жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын, мал ұстайтын, бау-бақшасы не жері бар үй шаруашылықтары санаққа қатысуы тиіс.