Өскеменде тірек-қимыл аппараты бұзылған ерекше балаларға арналған «Demey» оңалту және түзету орталығы ашылды. Орталықта 22 маман еңбек етеді. 80 аса бала ем-дом қабылдайды. Мұндағы мамандар бүлдіршіндерді қоғамдық ортаға бейімдеп, еркін қарым-қатынас жасауға үйретеді.

Дана Рахымбаева ерекше бала тәрбиелеп отырған ана. Бауыр еті баласын орталыққа әкелгеніне 6 жыл болды. Алғашқы күннен бастап осы жерде түрлі ем-дом қабылдап келеді. Нәтиже де жақсы.

Орталық мамандары білікті, өз ісінің шеберлері. Әр баламен жеке жұмыс жасайды. Оларға қажеті жаттығу түрлерін көрсетіп, бірге қимылдайды. Тірек-қимыл аппараты бұзылған ерекше балаларғы қызмет көрсететін облыстағы жалғыз орталыққа жазда аудандардан келіп ем алатын балалар бар.

Осыған дейін түрлі ғимараттарды жалға алып келген орталық ұжымы жаңа ғимаратқа көшкендеріне дән риза. Бүгінде мұнда бірқатар бала тегін қызмет түрлерін алса, қалған 30 аса бала ақылы қызмет түрлеріне жүгінеді. Барлық кабинеттер заман талабына зай қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

 «Demey» оңалту және түзету орталығының ашылу салтанатына жиналған ата-аналар мен түрлі сала мамандары, жергілікті билік өкілдері өздерінің ізгі тілектерін жолдап, сыйлықтарын табыс етті. Ал облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов осы бір айтулы күнмен жиналғандарды құттықтап, 1 миллион теңгенің сертификатын орталық директорына сыйға тартты.

Шара соңында жиналғандарға мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Балалар мен ата-аналар түрлі мультфильм кейіпкерлерімен суретке түсіп, көңіл көтерді.