Риддердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші тұрақты. Кеншілер қаласында өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік пен әлеуеті зор салаларға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқынды. Мәселен, 2025 жылдың 5 айында тау кен өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемінің көрсеткіші 12,7 пайызды құрады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Риддер қаласы әкімінің орынбасары Болат Акужанов мәлімдеді.

Кеншілер қаласында бүгінде 50 мыңнан аса халық тұрады. Тұрғындарды жұмыспен қамту, әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін қолдау мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысы жоспарлы жұмысқа сай жүзеге асырылуда. Барлық салада тұрақты даму динамикасы байқалады. Мәселен, биыл 5 айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 30,5 миллиард теңгені құраған. Осы кезең аралығында бюджет түсімі артып, 1192 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылға қарағанда сәл төмен.

Бұдан бөлек білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты жыл басынан бері атқарылған шаруалар барысы айтылды. Брифинг барысында қала әкімінің орынбасары туризм саласына тоқталып, жоспарлы жұмыстарымен таныстырды. Мәселен, жыл сайын мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған турист келеді. Қар жамылғысы ең ұзақ сақталатын аймақ болғандықтан қысқы туристік маусым 6 айға дейін созылады.