Шығыс Қазақстан өнер музейінде «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің көркемсурет бөлімі түлектерінің «Шығыс самалы» көрмесі ашылды. Көрмеде оқушылардың үздік туындыларымен етене танысуға мүмкіндік бар. Жас суретшілер көпшілік назарына қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрі жайында сыр шертетін жұмыстарын ұсынған.

Ұлттық нақышта орындалған жас суретшілердің жұмыстары жиналған қауымды бірден өзіне баурап алды. Бұдан бөлек, көрмеде экология, ғарыш кеңістігі, мифология мен аңыз-әпсаналар, заманауи цифрлық дәуір тақырыптары да қамтылған.

Шараға өңірге белгілі суретшілер, музей мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жас буынның кәсіби шеберлігін дамытуға, заманауи білім беру дағдыларын терең меңгеруге мүмкіндік береді.

Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған көрме 7 шілдеге дейін жалғасады.