Ақжар ауылында жаңа спорттық нысан салынуда. Жобаның жалпы құны 900 млн. теңгеден астам. Іргетасы темір бетоннан құйылған, құрылыс мерзімі - небәрі 5 ай. Кешен ауыл жастарына кәсіби спортпен айналысуға мүмкіндік береді.
Жаңа нысанның ішінде футбол алаңы, бокс пен күрес залы, жаттығу орны қарастырылған. Бұл кәсіби спортпен айналысамын деген жастарға зор мүмкіндік.
Спорт кешенінің жалпы аумағы 1 284 шаршы метрді құрайды. Нысан заман талабына сай салынуда. Оның сыртқы аумағында балалар ойын алаңы, стрит воркаут аймағы, уақытша автотұрақ пен қоқыс жәшіктері де қарастырылған.
Құрылысқа жауапты мамандар мұның бәрі жергілікті тұрғындарға емін-еркін спортпен шұғылдануға, қолжетімді дене шынықтыруға таптырмас орынға айналатындығын айтады. Ал Тарбағатай ауданы үшін бұл жобаның басталып, салынуы мен пайдалануға берілуі аймақ спортына ерекше серпіліс бермек.
Ақжар ауылында бой көтеріп жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешені - тек спорттық нысан ғана емес, болашаққа салынған инвестиция. Жоба аяқталған соң, ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндіктер есігі ашылады. Бұл - салауатты өмір салтына, бұқаралық спортты дамытуға жасалған нақты қадам. Ал мұндай игі бастамалар Тарбағатай өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыра түсетіні сөзсіз.