ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев шығысқа келді. Ол сапар аясында мәдениет, спорт, білім беру салаларының өкілдерімен кездесіп, бірқатар нысандарды аралады. Мәлік Отарбаев Шығыс Қазақстан облысы дәстүрлі түрде жоғары мәдени және білім беру әлеуетіне ие стратегиялық маңызы бар өңір ретінде мемлекеттің ұдайы назарында екенін айтты.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев алдымен облыс орталығындағы №50 мектепке барды. Кейін мәдениет, спорт, білім беру салаларының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында өңір педагогтері Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда көтерген бастамалары жайында ой бөлісті.
Кездесуде мәдениет саласының мамандары креативті индустрияны дамыту заман талабы екенін айтты. Себебі, қазіргі таңда бұл сала өңірлік деңгейден, жалпыұлттық сипатқа ие бастамаға айналды.
Кездесуден кейін Мәлік Нұржанұлы облыстық Халифа Алтай мешітіне ат басын бұрды. Мешіт мұражайының тыныс-тіршілігімен танысып, өңір имамдары мен теологтар жүздесті. Бұл басқосуда ұлттық бірегейлікті күшейту, өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухында тәрбиелеу, деструктивті идеологиядан өскелең ұрпақты алдын алу тетіктері талқыланды.