Күршім ауданында 22 мектеп бар. Бұл тізім жақында тағы бір білім ордасымен толығады. Бірлік ауылында салынып жатқан құрылыс жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жаңа оқу ордасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатыр. Жоба Мемлекет басшысының үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін қабылдаған шарасының негізінде басталған.
Бірлік ауылы Сарыөлең ауылдық округіне қарасты. Жаңа мектептің сыйымдылығы 50 оқушыға арналған. Шағын елді мекенге жетіп жатыр. Бастысы сапалы, заманауи талаптарға сай болады. Ауылдағы ескі мектеп әбден ескіріп, «апатты жағдайда» деп танылған. Қазір ауылда мектепте 30 оқушы және шағын орталықта 15 бала бар.
Айта кетейік, Сарыөлең ауылдық округінде «Бірқабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасымен 11 үй салынып жатыр. Соның арқасында бағдарлама баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларды үйлі етіп, білім ордаларын оқушымен толықтыруға да септігін тигізеді.