Облыс орталығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс–қызметінің республикалық семинары өтті. Мақсат – қоғамдық індеттің алдын алу және тәуекелдердің жолын кесу. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің ШҚО бойынша департаменті мен С.Аманжолов атындағы ШҚУ ұжымы бірлесіп өткізген алғашқы ауқымды шараға елдің өзге де облыстарынан комплаенс-қызметкерлер келді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет: жемісті кейстер, тәсілдер мен нәтижелер» деп аталатын семинарда бас қосқан заң факультетінің студенттері мен қонақтарға білікті мамандар баяндама жасап, өз тәжіриблерімен бөлісті.

Семинарда сөз алған мамандар сыбайлас жемқорлықпен күрес жолдарына тоқталып, жастарға білім беруде қолданысқа енген тың бастамаларын ұсынды. Мәселен, С.Аманжолов университетінің білікті мамандары арнайы сыбайлас жемқорлықсыз болашақ білім сайтын әзірлеген. Оның көмегі арқылы оқытушылар студенттерге қажетті ақпаратты жедел әрі түсінікті тілде бере алады.

Комплаенс-қызмет мамандарының негізгі міндеттерінің бірі-сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ұйымның іскерлік беделін қорғау. Қазір облыстағы квазимемлекеттік сектор субъектілерде 59 комплаенс-қызметі құрылған.

Биыл маусым айынан бастап комплаенс–қызметі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына енгізілді. Ұйымдастырушылар мұндай ауқымды шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деді.