Биыл облыста «Жол жылы» жарияланған еді. Аталған бастама аясында атқарылған шаруа мол. Әсіресе, ауылдардағы көлік логистикасы жақсарып келеді. Ауылішілік жолдарға асфальт төселді. Бұл жұмысты Құйған ауылында көруге болады. Тасжол тұрғындар игілігі үшін салынды.

Құйған – тоғыз жолдың торабында тұрған ауыл. Бірнеше ауданға апарар жол осы елді мекенді жанап өтеді. Енді, елдегі ең үлкен көпір ашылса, көлік ағыны мүлде толастамасы анық. Көрінікті ауылдың жолдары да жақсы болу тиіс. Осы жазда жалпы ұзындығы 3850 метр болатын үш көшеге асфальт төсеу жұмысы басталған. Жұмысқа ауыл адамдары да тартылды.

Бөлінген қаржы толығымен игерілді. Жол сапасын тиісті мекеме тексеріп, бақылап отыр, дейді жауаптылар. Қазіргі жұмыстың соңғы сатысы жүріп жатыр. Бір-екі күнде асфальтталған үш көше толығымен тапсырылады. Жұмыс күші, қажетті техниканың болғанының арқасында кестеден кешігу жоқ.

Ең соңында жаңа жолдар бойы жарықтандырылып, абаттандыру жүргізіледі. Жергілікті әкімдік осылай деп уәде берді.