С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысы өтті. Шарада аймақтағы ғылым саласын дамытудың өзекті мәселелері мен оның әлеуметтік-экономикалық дамудағы рөлі талқыланды.

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде ғылымның практикалық маңызын арттыру, оны қоғам мен экономиканың озық дамуын қамтамасыз ететін нақты экономикалық ресурсқа айналдыру үшін зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың заманауи жүйесін құру керектігін айтты.

Көшпелі отырыс аясында өңірдегі кәсіпорындармен ынтымақтастық туралы 4 меморандумға қол қойылды. Өңірлік ғылымды дамытуды шешуге бағытталған қарар қабылданды. Ғылымның дамуы экономикалық әлеуетті арттыруға септігін тигізеді. Шара аясында С.Аманжолов атындағы ШҚУ ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының өңірлік форсайт орталығы ашылды.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев өз сөзінде аймақтар ұлттық прогрестің негізі екенін және ертеңгі күннің міндеттерін шешу үшін олардың инновациялық әлеуетін пайдалану қажеттігін атап өтті. Аймақтағы ғылым саласы ең алдымен облыстың экономикасын дамыту мәселелерін шешуге ықпал етуі тиіс. Ал бұл тұста жоғары технологияны енгізуге баса мән беру қажет.