Биыл аз қамтылған отбасылардан шыққан 5 312 бала тегін жол жүрумен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа 180 млн.теңгеге жуық қаражы бөлінді. Алдағы уақытта қала және ауданаралық маршруттарда «Батыр Ана», «Алтын», «Күміс», «I және II дәрежелі Ана даңқы» алқа иегерлері де тегін жол жүреді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Қуаныш Акрамов мәлімдеді.

Биыл маршруттарды субсидиялауға 10,2 млрд. теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40% - ға артық. 2021 жылдан бастап тозығы жеткен қоғамдық көліктердің санын азайту мақсатында Өскемен мен Риддер қалаларында жаңа автобустар сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 26 шағын, 195 автобус сатып алынды. Нәтижесінде қоғамдық көлік 80%-ға жаңартылды.

Аймақта қоғамдық көлік қызметі тұрақты жұмыс істеп тұр. Жолаушылар үшін электронды билет жүйесі мен «Oskemen bus» онлайн бақылау бағдарламасы қолжетімді. Биыл субсидиялау есебінен облысішілік маршруттарда жолаушылар ағыны 25%-ға ұлғайған. Бұдан бөлек, Өскемен-1 бекетіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда.

Бүгінде төрт ішкі және екі халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы жүзеге асырылған. Тұрақты рейстер Астана, Алматы, Қарағанды, Зайсан, Мәскеу, Новосібір қалаларына қатынайды. Жазғы уақытта Шымкент, Үржар, Анталия қалаларына әуе қатынастары ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, Катонқарағай, Зайсан ауданында әуежай салу мәселесі қарастырылуда.