19 қазан – Құтқарушылар күні. Осы кәсіби мереке аясында облыстық ТЖД мамандары журналистерге арналған кедергілер жолағын ұйымдастырды. Төртінші билік өкілдері бір күнге мамандықтарын өзгертуге мүмкіндік алды. Олар құтқарушылардың барлық жұмыстарымен танысып, арнайы дайындық тапсырмаларынан өтті.

Бұл өрт сөндірушілердің күнделікті өмірі. Кезекшілікке түскен құтқарушылар алдымен сап түзеп, кейін техникаларын тексереді. Осы жолы, кәсіби мамандармен бірге журналистер қауымы да қатар тұрып, қызығы мен қиындығы мол кәсіптің қыр-сырымен танысты. Өскемен қаласының №8 өрт сөндіру бөлімшесі базасында оқиға орындарын имитациялайтын түрлі локациялар құрылды. Журналистерге өрттен, жер сілкінісінен кейінгі үйінділерден, биіктіктегі апаттық-құтқару жұмыстарынан, су тасқыны қаупі бар аймақтан және азаматтарды эвакуациялау орындарынан репортаж жүргізу міндеті жүктелді.

Өрт сөндіруші болу оңай іс емес. Күн сайын біреудің өмірін арашалап қалу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Қызметті адал атқарып, қызыл жалынды ауыздықтау үшін арнайы жарақтандырылған техника қажет. Өрт сөндірушілер журналистер қауымына әр қондырғының қолданысын түсіндіріп, жұмыстың қыр-сырымен таныстырды. «Менің өлкем» газетінің тілшісі Дидар Ерболатқызының айтуынша, экстремалды жағдайларда жұмыс істеуді өз бастарынан өткізіп, құтқарушы мамандығының қаншалықты қиын әрі абыройлы екенін сезінді.

Аталмыш қызметтің мамандары мен ержүрек құтқарушылардың ерліктері жайлы қанша мәрте қалам тербеуге және түрлі материалдар дайындауға тура келсе де, бұл кәсіптің бүге-шүгесіне араласып, анығына қаныққан тілшілер қауымына біршама қиындықтарды еңсеруге тура келді.

Құтқарушылардың күнделікті жұмысына айналған бұл тапсырмалар қатысушыларға оңайға соқпады. Сонда да берілген тапсырмаларды БАҚ өкілдері толықтай еңсерді. Тілшілер: «құтқарушылар жұмысының қиындығын түсіндік», - дейді.