«Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Өскеменде ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарының фермерлерінің өнімдері қолжетімді бағада көпшілікке ұсынылды. Өнімдер әдеттегі бағадан анағұрлым төмен.

Жәрмеңкеге келген жұрттың қарасы қалың. Таңертеңнен жәрмеңкеге қарай ағылған жұртшылық қап-қабымен түрлі өнімдерді әкетіп жатыр. Сауда қызып тұр. Сөреде тұрған өнімдердің бағасыда қол жетімді. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастылып отырған жәрмеңкенің тұрғындарға берері мол.

Тұрғындар сапалы өнім алғандарына риза, ал кәсіпкерлер тауарларын сөреден жып-жылмағай қып әкеткенге сүйсініп отыр.

Тауар өндірушілер мен тұтынушы үшін таптырмас жәрмеңке қос тарапқа да тиімді. Тұрғындар таза, жергілікті тағамдарға қол жеткізсе, кәсіпкерлер өнімін өткізетін алаң табылғанына дән риза. Қала тұрғындары ұйымдастырушылардан осындай жәрмеңкені тұрақты түрде өткізіп тұруларын өтінді.