Өскеменде «Туған жер - алтын бесігім» жобасы аясында Катонқарағай мен Үлкен Нарын аудандарының мәдени күндері аталып өтті. Облыстық филармонияда қос ауданның шығармашылық ұжымдары келушілер назарына концерттік бағдарлама ұсынды. Жоба жыл сайын игі дәстүрге айналып, өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтып келеді.

Шараға облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысты. Мәдени күндер барысында Катонқарағай мен Үлкен Нарын аудандарының қолөнер шеберлерінің жұмыстары мен тарихи жәдігерлерден көрме ұйымдастырылды. Катонқарағай ауданы өзінің әйгілі бал өнімдері мен ұлттық сусын саналатын қымызды көпшілікке ұсынды. Аудан әкімі шарада қайырымдылыққа баса назар аударылғанын айтты.

Аудан болып құрылғалы Үлкен Нарындықтардың бұл бірінші жәрмеңкесі. Мұндай шаралар ауыл ішінен болашақ жұлдыздарды айқындауға жол ашады, дейді аудан әкімі.

Қала жұртшылығына ұмыт болған көне салт-дәстүрімізді насихаттау үшін Үлкен Нарын аудандық музейінің қызметкерлері құнары бірнеше жылға дейін сақталатын құрттың жасалу жолын көрсетті. Мұндай игі шарадан облыстағы зиялы қауым өкілдері де тыс қалмады.

 «Ауылдан адам көшкенмен, Адамнан ауыл көшпейді.» Ауыл қашан да қазақ үшін қымбат, қастерлі мекен. Концерттік бағдарламаны тамашалауға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұрлан Абдуллин де келді.

Катонқарағай мен Үлкен Нарын ауданының концертін тамашалаған өскемендіктер мен қала қонақтары өнерпаздардың шығармашылығына, орындаушылық шеберлігіне риза болды. Оларға құрмет көрсетіп, алғыстарын білдірді.