Татьяна Гуляева аймаққа шығармашылығымен танымал. Ол бес жасынан бастап қолына қалам алып, өлең жаза бастаған. Сексеннің сеңгіріне шыққан ақ жаулықты әже бүгінде Первомай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрады. Ақынның өлеңдерін арнамыздың тілшісі де тыңдап қайтты.

Татьяна Гуляева 1944 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәрбиленген ол жастайынан білімге құштар болып өседі. Өзінің айтуынша ақындық талант әкесінен дарыған. Зейнеткердің қазір қойын дәптерінде топтама өлеңдері өте көп. Поэзиясының негізгі желісі Отан, махаббат және табиғат.

Бір қызығы Татьяна Гуляева өлеңдерін кітап қылып бастырмаған. Бірақ қол жазбасын тинақтай етіп жинап жүр. Қазір де шығармашылықтан қол үзген емес. Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өтетін шараларда өлеңдерін оқиды. Ақынның жаны сұлулыққа жақын. Гүл өсіріп, қолөнермен де шұғылданады.

Қарттар үйіндегі қариялардың халі жақсы. Орталықта тұрып жатқандар спорттан да құр алақан емес.

Первомай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету үйі 2000 жылы ашылған. Қазір мұнда 104 адам тұрады. Олар шығармашылықпен айналысып, уақыттарын тиімді өткізуге тырысады.