Елде жыл өткен сайын шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Халыққа Жолдауында мемлекет басшысы үнемі осы бағыттағы жұмысты жүйелеп, қолдау шараларын үздіксіз жүргізу маңызды екендігін айтып келеді. Себебі, экономиканың еселі табысы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына тың бизнес идеялардың септігі тиюде. Қазіргі кезде кәсіп ашқан азаматқа мемлекеттік бағдарламалардың берері мол. Мәселен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры осы масқатқа биыл жалпы сомасы 30 млрд теңгеге жуық қаржы бөліп, 639 жобаға қолдау көрсетті. Ол жобалардың барлығы табысты бизнес идеяның жемісі.

Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға негізделген бірнеше мемлекеттік бағдарламаның ішінде 395 жоба субсидияланып, 244 жобаға кепілдік берілген. Сонымен қатар құны 1,4 млрд. теңге болатын 39 жоба қолдау тапты.

Облыстық Даму қорының мамандары кәсіпкерлерге жол сілтеп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың мүмкіндіктерін үнемі түсіндіріп отырады. Мәселен, осындай қолдауға ие болған Эльмира Батырбаева. Ол «BarS» балалар және жасөспірімдер футбол клубының негізін қалаушы. Осыдан жеті жыл бұрын өз идеясын жүзеге асыруға туған ұлы себепкер болған. Бүгінде клубта 3 пен 14 жас аралығындағы 450 бала тәлім алады.

Бүгінде мұнда 13 қызметкер еңбек етеді. Қазіргі таңда клубтың жалға алып отырған ғимаратында 3 алаң бар. Екеуін өз қаржысы есебіне жарақтандырса, үшіншісін «Даму» қоры арқылы берілген несие қаржысына жаңартты.

Өз ісін дамыту мақсатында «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алған тағы бір серіктестік - Шығыс Қазақстан облыстық протез-ортопедия орталығы. 30 жылға жуық тарихы бар мекеме түрлі протез түрлерін жасап, ортопедиялық аяқ киімдер тігеді. Мұнда барлығы 23 адам еңбек етеді. Әр цехтың өзіне жүктелген жұмысы мен тиісті міндеттері бар. Аяқ киім мен протез әр адамның жеке өлшемі бойынша жасалады.

Мекеме негізінен мемелекеттік тапсырыс бойынша ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қызмет көрсетеді. Биыл тағы бір жаңа қызмет түрін қолданысқа енгізді. Медициналық гемодиализ орталығы ашылды. Онда бірінші топтағы мүгедек азаматтар күндізгі стационарда ем қабылдайды.

Бұл медициналық орталық 60 адамға шақталған. Күніне станционарға 35-40 адам келіп, ем қабылдайды. Әр ем алушыға 40 минут уақыт қажет.